«Өрлеу» БАҰО АҚ – Қазақстан педагогтерінің кәсіби дамуы, ересектерді оқыту, қолданбалы зерттеулер және жетекші білім беру тәжірибелерін тарату бойынша жетекші хаб.
Еліміздің барлық облыс орталықтарында филиалдары бар. Білім беру саласында ғылыми және академиялық дәрежесі бар оқытушылар жұмыс жасайды. Білім саласының барлық аймағында әріптестік қалыптасқан.
«Өрлеу» орталық тек қана біліктілікті арттырумен ғана шектелмейді. Оқу-әдістемелік бағытта кеңес беріп, мұғалімнің жеке траекториясына бағыт-бағдар береді.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы №95 бұйрығымен бекітілген «Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ педагогтің қызметін курстан кейінгі қолдау қағидаларын бекіту туралы» Заңының 1-тарауы, 6-тармағына сәйкес, Алматы қаласы бойынша Кәсіби даму институты педагогтердің қызметін курстан кейін сүйемелдеуді жүргізіп келеді. Бұл жерде былайша көрсетілген: «Педагог қызметін курстан кейінгі сүйемелдеу – педагогтің курстан кейінгі қызметін үздіксіз мониторингтеу және әдістемелік, консультациялық көмек көрсету арқылы оның кәсіби құзыреттілігін дамытуды қамтамасыз ететін іс-шаралар жүйесі».
Курстан кейінгі қолдаудың мақсаты – жалпы орта білім беру ұйымдарының практикалық қызметінде бағдарламаның инновациялық əлеуетін барынша іске асыру үшін жағдай жасау.
Білім беру ұйымдарының педагогтеріне курстан кейінгі әдістемелік қолдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
– оқыту мен оқу әдістемесі, соның ішінде оқытудың қашықтық форматындағы оқыту әдістемесі;
– жаңартылған бағдарламалар мазмұны және бағалау жүйесі;
– мұғалімнің жеке траекториясына бағыт беру.
Курстан кейінгі сүйемелдеу мазмұны біліктілікті арттыру курстарының білім беру бағдарламаларының мақсаттарымен, міндеттерімен және күтілетін нәтижелерімен айқындалады.
Курстан өту уақыты кезінде желілік қауымдастыққа тіркеліп, белгілі кезеңде жоспарлаған іс-шараларымен бөліседі. Сонымен қатар курс бойынша жауапты куратормен тығыз қарым-қатынаста болады.
Алға жоспарлаған жұмыс түрлерін институттың жұмыс жоспарына ұсынамыз. Біліктілік арттыру курстары бойынша сертификатталған мұғалімнің инновациялық тəжірибесіндегі курстан кейінгі қолдауда ерекше назарға алынатын элемент – сыныптағы сабақ. Сабақ нәтижесінде қол жеткізу көзделетін оқу мақсаттарын мұғалім мен оқушылардың бір мағынада түсінуі және оқу үдерісін осы мақсатта тиімді ұйымдастыруға ұсыныстар береміз. Ол үшін мұғалімдер оқу жоспарында көрсетілген түрлі стратегияларды қолдана алады. Оқу жоспарында оқу мақсаттары бойынша іске асырылатын тапсырма түрлерін білім алушының жас ерекшелігіне, қызығушылығына, қабылдауына сәйкес жоспарлауына бағыттаймыз.
Алматы қаласы мектептері бойынша аудандарға жауапты тәлімгерлер бекітілген. Аудандар бойынша тірек мектептері жұмыс жасайды. Тірек мектептері сұранысына сәйкес аудандық, қалалық әдістемелік семинарлар, шебер сыныптар ұйымдастырамыз. Пән бойынша жинақталған мұғалімдер өз тәжірибелерімен, жаңашылдығымен бөліседі.
Алматы қаласындағы іргелі жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық келісімге қол қойылған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен біріккен республикалық іс-шараларға да мұғалімдердің атсалысуына мүмкіндік жасаймыз.
2023–2024 оқу жылының өзінде қала мектептерінде функционалдық сауаттылыққа, оқу үдерісінде ииновациялық әдістерді қолдануға байланысты семинарлар, вебинарлар, атаулы күндерге байланысты ғылыми-теориялық конференциялар өткізілді.
Алматы қаласы Білім басқармасының № 122 ЖББМ тарих пәні мұғалімі Дәулет Есенов «Қазақ Хандығы» тақырыбына сәйкес үстел ойынын ұсынды. Аудан тарихшыларына таныстырды. Мұғалімдер тарапынан қызығушылық тудырды. 2024/2025 оқу жылында жұмыс жоспарына енгізіп, республика көлемінде таратуға шешім қабылдадық. Өз тарапымыздан Үстел ойынымен қатар, І. Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи трилогиясын да оқытуға кеңес бердік. Сонда білім алушының кітап оқуға да құштарлығы артады.
Бүгінгі күннің басты талабы – білім беру бағдарламасында дағдыларды және жаңа оқыту әдіс-тәсілдерін дамыту, өз пәнінде шебер қолданып, білім алушыға меңгерту.
Біздің міндет – нәтижеге ұмтылған әрбір мұғалімге курстан кейін қолдау жасау бізге міндет.
Педагогтердің виртуалды қауымдастығы: https://forum.orleu-edu.kz/ – курстан кейінгі қолдау шеңберінде педагогтердің өзара әрекеттесу кеңістігі. Қауымдастық жоғары нәтижелі педагогтер үшін өзінің көшбасшылық алаңын жасауға, сонымен қатар жаңа педагогтерге практикалық қолдау көрсетуге ықпал етеді. Қатысушылар білікті оқытушылар құрамынан курс бойынша өзін толғандырған барлық сұрақтарға жауап, кеңес ала алады. Шағын қызығушылық топтардың мүшелері болып онда практикалық тәжірибе алмасады және бөлісу үшін деректер банкін құратын болады.
Гүлбала КЕНІШТАЙҚЫЗЫ,
«Өрлеу» БАҰО АҚ, Алматы қаласы бойынша
Кәсіби даму институтының аға оқытушысы,
гуманитарлық ғылымдар магистрі
Аннотация
АО НЦПК «Өрлеу» – ведущий хаб профессионального развития казахстанских педагогов и распространения передовых образовательных практик. Регулярно проводя курсы повышения квалификации, центр не останавливается на этом и обеспечивает учителям посткурсовую поддержку для максимальной реализации инновационного потенциала своих программ в практической деятельности.
Comments