Биыл мүгедектерді оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге 19 млрд теңге бөлінеді
- Редакция "СО"
- 29 янв. 2020 г.
- 1 мин. чтения

2020 жылы мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету үшін 19,1 млрд теңге қарастырылған.
Техникалық оңалту құралдарымен және оңалту қызметтерімен қамтылғандардың үлесі биыл 300 мыңнан астам адамды құрайды деп жоспарлануда.
Қазақстанда мүгедектігі бар 695 мың адам тұрады, оның ішінде 424 мың адам еңбекке қабілетті жаста, 179,7 мың адам – зейнеткерлік жаста, 91,6 мың адам – 18 жасқа дейінгі балалар.
Жыл сайын мүгедектігі бар адамдар жергілікті бюджет есебінен техникалық компенсаторлық (көмекші) құралдармен қамтамасыз етіледі.
2019 жылдың қорытындысы бойынша техникалық оңалту құралдары және оңалту қызметтерімен (протездік-ортопедиялық көмек, сурдо-, тифло құралдар, кресло-арбалар, санаторлық-курорттық емдеу, міндетті гигиеналық құралдар, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтері) қамтылғандар үлесі 292,4 мың адамды немесе мұқтаждардың жалпы санынан 69,5%-ды құрады. Бұл мақсатқа 7,5 млрд теңге бөлінді.
2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыру шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды ТОҚ және оңалту қызметтерімен толық қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен 2020-2022 жылдарға 58,3 млрд теңге бөлінді (2020 жылы 19,1 млрд теңге, 2021 жылы 19,4 млрд теңге, 2022 жылы 19,8 млрд теңге бөлінбек).
Ақпарат көзі: ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі