Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ЖОО-да грантта оқыған кейбір студенттер қандай айлаға баратынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кейбір грант иегерлері мемлекет шығынын жұмыспен өтеу рәсімін айналып өтудің амалын тапқан. Олар грант арқылы 3-курсқа дейін тегін оқып, үш жыл бойы стипендия алады. Содан кейін мемлекеттік грантты жұмыспен өтемеу үшін 4-курста ақылы бөлімге ауысатын болған», - деді А. Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, осыған байланысты грант иегерін оқытуға мемлекет жұмсаған шығындарды өтеу бойынша жаңа норма енгізілді.
«Мәселен, студент грантта екі жыл оқып, кейін ақылы бөлімге ауысты делік. Бұл жағдайда студент қанша жыл грантта оқыса, сонша жыл грантты жұмыспен өтеуге міндетті болады. Дәл осы норма, ақылы бөлімнен грантқа ауысқан студенттерге де қатысты болады», - деп түсіндірді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай , грантпен оқыған түлек өз дайындық бағыты бойынша жекеменшік ұйымдарда еш кедергісіз жұмыс істей алады.
Айта кетейік , 2021 жылдан бастап әрбір жоғары оқу орны білім алған азаматтарға жеке үлгісі бойынша диплом беретін болады. Яғни, енді әр жоғары оқу орнында берілетін дипломдардың барлығы біркелкі болмайды. Бұдан былай мемлекеттік үлгідегі дипломдар берілмейді.
Автор: Руслан Ғаббасов
Kommentare