top of page
Поиск

Асхат Аймағамбетов үшінші тоқсандағы оқу тәртібіне қатысты ВАК шешімін түсіндірді


Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқушыларын үшінші тоқсанда оқыту тәртібіне қатысты Ведомствоаралық комиссия шешімін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Еске сала кетсек, бұған дейін министр үшінші тоқсаннан бастап ҰБТ және мемлекеттік емтихан тапсыратын пәндер дәстүрлі форматта оқытылатынын мәлім еткен болатын.


«Әсіресе ҰБТ және мемлекеттік емтихан тапсыратын пәндер, сонымен қатар қиындық тудырып отырған пәндер де дәстүрлі форматта оқытылады. Сондықтан бұл мәселе бойынша сабақ кестесіне дейін әдістемелік ұсынымдарды дайындап, бүгін жібереміз. Үшінші тоқсаннан бастап талқыланған тәртіп бойынша жұмыс жүргіземіз», - деген еді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің аппарат отырысында.


Бүгінгі баспасөз мәслихатында министр бұл өте маңызды шешім екенін айтып өтті.


«Бұл оқу тәртібі мемлекеттік емтихан тапсыратын балаларға да қатысты. Мектеп түлектері жайлы айтып отырмын. Оларға білім алудың маңызы өте зор. Сол себепті біз оқушылардың 70 пайызы дәстүрлі форматта, ал 30 пайызы қашықтан оқитынын айтып отырмыз. Әсіресе Ұлттық бірыңғай тестілеуге байланысты пәндер дәстүрлі форматта оқытылады. Қалғанын қашықтан оқытамыз», - деді министр.


Ол сонымен қатар бұл ретте санитарлық талаптар қалай сақталатынын айтып өтті.


«Бір кабинет болады. Қоңырау әртүрлі уақытта соғылады. Әлеуметтік қашықтық сақталады. Бұған дейінгі санитарлық талаптар күшінде қалады. Өзгеріс жоқ. Біз Білім және ғылым министрлігі ретінде балалардың дәстүрлі форматта оқуын қалаймыз. Алайда басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын санитарлық нормалар тағы бар», - дейді министр.


Автор: Аян Бекенұлы




#ҚР Үкіметі #Білім

Comments


bottom of page