top of page
Поиск

Елімізде мектеп медбикесінің жүктемесі 6% артқан


ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде мектеп медицинасына қатысты мәселелер талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың төрағалығымен мектеп медицинасының проблемалық мәселелері бойынша онлайн-жұмыс конференциясы өтті.


Отырысқа «Мектеп медицинасы» өңірлік бағдарламасының үйлестірушісі, аймақтардағы денсаулық сақтау басқармалары мен бейінді қауымдастық өкілдері қатысты.


«Бүгін біз мектеп медицинасы саласындағы проблемалық мәселелерді талқылау үшін, оларды ескеру үшін және келесі жылы қажет болған жағдайда нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу, қаржыландыру мәселелерін және басқа да проблемаларды шешу үшін жиналдық. Бала денсаулығы - біздің жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі», - деді Ажар Ғиният.


Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті балалар мен жасөспірімдер денсаулығын қорғау басқармасының бастығы Жанар Садуова қазіргі жағдай туралы баяндады.


Ол 2017 жылдан бастап 2019 жылға дейін республика мектептерінде оқитындардың саны - 9%, ал бір мектеп медбикесіне жүктеме - 6% артқанын айтты.


Жүргізілген скрининг саны артқан: орындау пайызы 2017 жылы 89% және 2019 жылы 100% жетті. Көру органдары патологиясының 1,4%, неврологиялық патологиялар 1,2%, стоматологиялық патологиялар 1% төмендеуі байқалады, тірек-қимыл аппаратының патологиясын анықтау 4% өсті.


Вице-министр А.Ғиният жоғарыда көрсетілгендерді ескере отырып, жергілікті денсаулық сақтау басқармаларына, құрылымдық бөлімшелер мен министрлікке қарасты медициналық ұйымдарға проблемалық мәселелерді шешу үшін тиісті тапсырмалар берді.


Автор: Балнұр Қожагелді



#Білім #Медицина #ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Commentaires


bottom of page