2020 жылы 29 желтоқсан күні Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы елімізде екі мерзімнен артық ректор лауазымында қызмет атқара алмайтындай қағидат енгізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елімізде ондаған жылдар бойы тапжылмай ректорлық қызмет атқарып келе жатқандар бар. Нарық заманында бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Ректорларды жоғары оқу орындарында төрт жылға тағайындап және ол екі мерзімнен артық ректор лауазымында қызмет атқара алмайтындай қағидат енгізуіміз керек. Менім пікірімше, ұлттық ЖОО-дан басқа барлық өңірдің әлеуметтік-экономикасына мамандар даярлайтын өңірлік жоғары оқу орындарын «Қамқоршылар Кеңесіне» сүйеніп басқару арқылы орталықсыздандыру дұрыс деп есептеймін», - деді М. Бақтиярұлы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында мектепте білім беру жүйесін оңтайлы басқару тиімділігін қамтамасыз ету үшін Білім және ғылым министрлігі базасында штат санын көбейтпей екі министрлік: Білім министрлігі мен Жоғары білім және ғылым министрлігін құру ұсынылды.
Автор: Руслан Ғаббасов
댓글