Нарықта жұмыс тәжірибесі мол IT мамандар студенттерге сабақ бере алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Білім және ғылым министрлігінің Telegram парақшасына сілтеме жасап.
«Цифрландыру саласындағы мамандар ЖОО-лардың IT бағыты бойынша білім беру бағдарламаларын саралайтын болады. Берілген ескертулер мен ұсыныстарды жоғары оқу орындары жұмыс барысында пайдаланады.
Ол ескертулер профилактикалық бақылауға, тіпті қажет болған жағдайда лицензиядан айыру бойынша шешім қабылдауға негіз болуы мүмкін.
Айти-саласындағы жұмыс берушілер мен бейінді министрлік өкілдері бірігіп университеттерге болашақ мамандарды даярлау бойынша кәсіби стандарттарды ұсына алады», делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, елімізде 80-нен астам жоғары оқу орны IT бағыты бойынша болашақ кадрларды даярлап жатыр.
«IT бағыты бойынша білім беретін оқытушының ғылыми дәрежесі болуы шарт емес және ол жоғары оқу орындарының штаттағы қызметкері болуы да міндетті емес. Қазіргі таңда жай ғана дипломның болуы жеткіліксіз, ендігі кезекте біліктілік санаты және мамандарды сертификаттау – жұмысқа қабылдаудың маңызды шарты болуы керек», делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, таяуда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинмен кездесіп, кадрларды даярлау және цифрландыру мәселелерін талқылады. Негізгі тақырыптың бірі – IT-мамандарды даярлау мәселесі болды.
Автор: Аяулым Алтынбек
Comentários