Бақытжан Сағынтаев ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оқу процесін ұйымдастырудың жағдайларымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында №7 арнайы түзету мектеп-интернатында болды.
Қала әкімі Б. Сағынтаев Іnstagram парақшасында жаңа тоқсанның басталуына орай мектептерде кезекші топтардың саны артқанын атап өтті. Мұндағы ең осалы – мүмкіндігі шектеулі балалар.
«№7 арнайы түзету мектеп-интернатында болып, оқу процесінің ұйымдастырылуымен, қолға алынған санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларымен таныстым», - деп жазды Б. Сағынтаев.
Мектепте 216 бала білім алады. Одан басқа 200 балаға үй жағдайында сабақ беріледі. Әлеуметтік-психологиялық оңалту мен бейімдеу, шығармашылық әлеуетті дамыту мен еңбекке баулу үшін барлық жағдай жасалған. Тігін немесе ағаш ұстасы ісінің қыр-сырын меңгере отырып, жасөспірімдер 9-сыныптан кейін колледжге түсіп, мамандық алады. Сондай-ақ мұнда емдік дене шынықтыру, музыка мен би бойынша сабақтар өтеді.
«Ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетіп, олардың жан-жақты дамуына барынша жағдай жасайтын боламыз. Ата-аналарының шыдамдылық танытқаны маңызды. Өйткені, ерекше балаларды әлеуметтендіру процесі оңай емес», - деп атап өтті Алматы әкімі.
Автор: Гүлмира Ғосманәли
Comments