Түркістан қаласында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттеріне арналған жаңа жатақхананың іргетасы қаланды. 500 орындық 3 жатақхананың жалпы аумағы 40 мың шашы метрді құрайтын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі көтерілген болатын. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында, алыс жақын шетел мен еліміздің алыс аймақтарынан келіп оқитын білімгерлерді жатын орындармен қамту үшін 1500 орындық нысан салынбақ. Қазіргі таңда оқу орнында 10 мыңнан астам студент білім алуда. Қашықтықтан білім алып жатқан студенттер келер жылы заманауи үлгідегі жайлы жатақханаға орналасатын болады.
«Еліміздің ең қастерлі мерекесі Тәуелсіздік күнімен баршаңызды құттықтаймын. Бүгінгі заманауи үлгіде салынатын 500 орындық 3 жатақхананың жобасымен таныстық. Жатақхана құрылысы жоспарланған уақытта аяқталып, студенттер жаңа қоныстарына жайғасатын болады. Облыс басшылығы тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі»,- деді іс-шарада сөз алған Түркістан облысының орынбасары Арман Сәбитов.
Жатақханада студенттердің жайлы тұруы, оқуы, демалуы үшін барлық жағдайлар жасалмақ. Сондай-ақ, студенттердің бос уақытын тиімді пайдалануына арналған демалыс алаңдарымен, «Workout» спортпен айналысу алаңдарымен, автокөлік және велосипед тұрақтарымен жабдықталатын болады. Тренажер залы, соның ішінде балалар залы, кафе, Жастар орталығы, сауда үй-жайы, асхана және сұлулық салоны, 140 орындық қонақ үй, супермаркет, стоматология, сауда орындары ашылмақ. Студенттік тұрғын үй кешенінде жастарға және отбасылық жұптарға, халықтың қауқары аз топтарына бағдарланған студенттік жатақханалардың толыққанды аймағын қалыптастыру қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда.
«Еліміздің барлық аймағында соңғы екі жылдың ішінде жатақханалар салу ісі қолға алынып жатыр. Бүгін Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Түркістан қаласында Ахмет Ясауи университетінің жастарына арналған еңселі 1500 орындық жатақхананың іргетасы қаланды. Елбасымыз Н.Назарбаевқа, Президентіміз Қ.Тоқаевқа, облыс басшылығына алғысымыз шексіз. Заманауи үлгіде бой көтеретін жаңа жатақхананың салынуы университетіміз үшін тарихи сәт»,-деді Университет президенті Болатбек Абдрасилов.
Автор: Айнұр Ақбаева
Comments