top of page
Поиск

Қазақстандық ғалым COMSTECH-SAC құрамына кірді


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов ислам әлемі елдерін біріктіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ОІС) жанындағы халықаралық консультативтік кеңестің (COMSTECH-SAC) құрамына кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


ОІC ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитеті (COMSTECH) 1981 жылы құрылған. Оның қызметі ОІС қабылдаған қарарларды орындауға, мүше мемлекеттер арасындағы ғылым мен технологиялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ осы ұйымға кіретін елдердің ғылыми-техникалық әлеуетін жақсартуға қабілетті бағдарламалар мен ұсыныстарды әзірлеуге бағытталған.


COMSTECH-SAC – бұл тәжірибе алмасу, әлеуетті арттыру, ғылым, технологиялар мен инновацияларды (ҒТИ) дамыту саласындағы озық тәсілдер мен қолданбалы ұсынымдарды әзірлеу алаңы болуға бағытталған жаңа институционалдық тетік. Ғылыми-консультативтік кеңес бүгінде ОIC-қа мүше мемлекеттердің алдында тұрған ҒТИ-ны дамытудағы мәселелерді шешуге көмектесуге арналған. Оның құрамына әлемге әйгілі ғалымдар мен практиктер бар. COMSTECH бас үйлестірушісі Икбал Чаудхари, Ғалым Мұтановтың мол тәжірибесі мен білімі ғылыми-консультативтік кеңестің қызметінде пайдалы және сұранысқа ие болатынын атап өтіп, тығыз әрі жемісті ынтымақтастыққа үміт білдірді.


Қазақстан ОІС қызметіне белсенді қатысуда әрі мемлекет өкілінің COMSTECH-SAC құрамына қабылдануы еліміздің ислам әлеміндегі ғылым мен білім саласындағы көшбасшылығының мойындалуының бір белгісі. Атап өтерлік жайт, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ОIC, ICESCO, COMSTECH серіктестерімен ынтымақтастықты нығайтып кеңейтуде. Жетекші қазақстандық жоғары оқу орны Ислам Ынтымақтастық Ұйымымен бірлесіп өткізген бірқатар ірі халықаралық іс-шаралардың, оның ішінде өткен жылы Алматыда өткен «ИЫҰ-15 диалогтық платформасы» атты бірінші брейнстормингінің ортақ ұйымдастырушысы болып табылады.



Kommentare


bottom of page