top of page
Поиск

ҚР Ұлттық ғылым академиясы: «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір»

2025 жылғы 3 наурызда Атырау қаласында, Н. Балғымбаев атындағы коммуникацияларды дамыту орталығында Атырау облысының әкімі Шәпкенов Серік Жамбылұлының қатысуымен «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбында ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Президиумының кезекті көшпелі отырысы өтті.



Көшпелі отырыс жұмысына ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президиум мүшелері, академиктер мен қызметкерлер, облыстық әкімдік басқармаларының басшылары, өңірлік университеттер мен ғылыми ұйымдардың жетекшілері, сондай-ақ өндірістік және сервистік компаниялардың өкілдері, соның ішінде «КМГ Инжиниринг», Атырау мұнай өңдеу зауыты, «Ембімұнайгаз», «Kazakhstan Petrochemical Industries» (KPI), «PetroCouncil» Қазақстан мұнай-газ кеңесі, «АтырауПромВентиляция» және басқа да ұйымдар қатысты.


ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы өз баяндамасында дамыған елдердің экономикасының даму жолдары, олардың инновациядағы жетістіктерінің кілті күшті өңірлік ғылымда және оны жергілікті билік тарапынан белсенді түрде қолдауында екенін мысалға келтіріп, елдегі өңірлік ғылымды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Өкінішке қарай, бізде бұл мәселе әлі де назардан тыс қалып отырғанын және мұның бәрі экономиканың даму қарқынына теріс әсер етіп жатқанын мәлімдеді.



А. Күрішбаев өз сөзінде:


«Мемлекет басшысының өңірлер деңгейінде ғылым мен инновацияларды дамыту қажеттігіне баса назар аударып, жергілікті атқарушы органдарға ғылым және технологиялар жөніндегі Өңірлік кеңестер құруды және осы мәселені шешу жөнінде нақты шараларды жүзеге асыруды тапсырғаны кездейсоқ емес.

Алайда, жергілікті жерлерде бұл тапсырманың орындалу барысы тиісті деңгейде емес екеніне көз жеткіземіз. Мәселен, ғылымды дамыту көрсеткіштері тек Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласының даму жоспарларына енгізілген, бірде-бір өңірде ғылымды дамыту мәселелері бойынша жауапты тұлғалар айқындалмаған, ғылыми жобаларды қаржыландыру үшін және ғылым саласына инвестицияларды тарту жөнінде қажетті шаралар қабылданбаған. Жергілікті бюджеттерде өңірлік ғылымды қаржыландырудың бюджеттік бағдарламалары жоқ. Жалпы, жергілікті бюджеттен ғылымға бөлінетін қаражат көлемі, мемлекет бойынша оның дамуына жұмсалатын жалпы шығыстардың 1%-нан да аспайды.



Атырау облысы еліміздің табиғи ресурстары мол және экономикалық әлеуеті зор ең маңызды өңірлерінің бірі болып табылады. Өңірдің экономикасын тиісті ғылыми қамтамасыз ету арқылы дамудың инновациялық жолына ауыстырған жағдайда, алынатын экономикалық әсердің көлемін бірнеше есе артуына қол жеткізуге болады.


Осы тұрғыда, Атырау облысы басқа өңірлерге үлгі бола алады. Бұл ретте Ұлттық ғылым академиясы Сіздерге қажетті көмек көрсетуге дайын. Ең алдымен, Өңірлік кеңес Ұлттық академиямен тығыз байланыс орнатуы қажет және бұл сіздерге кеңес қызметінің барлық мәселелері бойынша Академиядан толыққанды әдістемелік және практикалық көмек алуға мүмкіндік береді.


Ұлттық ғылым академиясы әзірлеген ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындаудың жаңа жүйесіне сәйкес агроөнеркәсіптік кешен, мұнай және тау-кен металлургия өнеркәсібі, тұщы суға қол жеткізуді қамтамасыз ету, өмір сүру сапасын арттыру және адами капиталды дамыту салаларындағы зерттеулер стратегиялық басымдықтарға жатқызылғанын және олар бірінші кезекте қаржыландырылатынын айту керек. Ғылыми зерттеулердің осы бағыттарының барлығы Атырау облысы экономикасына тән. Сондықтан да сіздердің осы бағыттағы ғылыми ізденіс жөніндегі барлық ұсыныстарыңыз басым қолдауға ие болмақ және де осындай мүмкіндікті сіздер толығымен пайдалануларыңыз тиіс».

Отырыс барысында өңірлік ғылымның дамуының өзекті мәселелері, оның өңір мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалы талқыланды. Қатысушылардың назарына жаңа зерттеулердің нәтижелері, өңірлік ғылымның тиімділігін арттыруға бағытталған стратегиялық тәсілдер мен бастамалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Ғылым және технологиялық саясат туралы» қабылданған Заңы аясында өңірде қолданыстағы және болашақ өндірістердің дамуына қатысты технологиялық мәселелер мен проблемаларды шешу мүмкіндіктері ұсынылды. Сонымен қатар, қатысушылар өңір ерекшеліктеріне бейімделген ғылымды дамытудың жаңа басым бағыттарымен танысты.


Көшпелі отырыс аясында ғылыми-инновациялық көрме ұйымдастырылып, Атырау облысы әкімдігі жанындағы Ғылым және технологиялар кеңесімен бірлесіп, Атырау облысындағы өңірлік ғылымның басым міндеттерін айқындауға арналған форсайт-сессия өткізілді. «Ғылым-бизнес» питч-сессиясы форматында коммерцияландыруға дайын перспективалы ғылыми жобалар ұсынылды. Қатысушылар ғылыми қауымдастық пен бизнес арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.


Отырыс өңірдегі ғылым мен технологиялық дамуды нығайту, ғылыми зерттеулер мен өндіріс арасындағы тиімді байланысты орнату, сондай-ақ өңірлік ғылымның әлеуетін арттыру жолдарын қарастыру үшін маңызды алаңға айналды.


Академия Президиуымының көшпелі отырыс жұмысы нәтижесінде республикада алғаш рет Атырау облысы әкімдігі жанынан ғылымды қолдау Қорын құру туралы шешім қабылданды.


Comments


© 1999-2023  Редакция республиканского журнала "Современное образование"

новости образования | .kz news | новости | образование в Казахстане | новости | сегодня | bilim | kz | эксперт

вуз | университет | академия | институт | колледж | школа | частная школа | студент | ученик | школьник | учитель | преподаватель

конференция | форум | выставка образования | центр | музыкальная | художественная | абитуриент | student | shchool 

university | выставка вузы | день открытых дверей | талапкер - 2021 | талапкер | information | МОН РК - новости |

Министерство образования - актуальные новости | Казахстан | Новости образования РК сегодня | абитуриент - 2021

obrazovanie.kz 

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page